Әділет органдарына сот орындаушыларының қаулысын жою құқығы берілуі мүмкін

Судебный процесс, суд
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.

Құжатты таныстырған Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ әкімшілік істер бойынша шығарылған сот шешімінің орындалуы неге бірнеше жылға созылып жатқанын айтты.

«Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылданғаннан кейін сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануға байланысты істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады. Атқарушылық іс жүргізу туралы заң сот орындаушысының әрбір әрекетіне шағымдану құқығын береді. Бүгінде мұндай құқықты борышкерлер асыра пайдаланады. Борышкер сот орындаушысының бағалаушыны тағайындау және тарту жөніндегі әрекеттеріне дау айтады. Содан кейін бағалау туралы есептің өзіне, мүлікті сауда-саттыққа беру жөніндегі іс-әрекеттерге, сауда-саттықтың өзіне, сауда-саттық хаттамасына, бір атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысының іс-әрекеттеріне ондаған рет шағым жасалуы мүмкін. Салдарынан сот шешімін орындау бірнеше жылға кешікгеді», — деді депутат.

Үнзила Шапақ әділет органдарына сот орындаушылар шығарған қаулыларды жоюға құқық беруді ұсынды.

«Жоғарғы соттың мәліметтері бойынша сот орындаушылары істердің 55%-дан астамында өздерінің заңсыз әрекеттері болғанын растауымен аяқталады. Сондықтан мұндай даулар бойынша әділет органдарының рөлін күшейтіп, оларға сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою құқығын беру орынды деп санаймыз. Бұл атқарушылық іс жүргізуді жедел орындауға мүмкіндік береді», — деді Мәжіліс депутаты.

Соңғы жаңалықтар