2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

«Әділет» партиясы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 1,5 млрд теңге аударады

АСТАНА. KAZINFORM — «Әділет» партиясының мүшелері мен партия Іскерлік кеңесінің өкілдері Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін 1 млрд 500 млн теңге жинады. Бұл туралы саяси партияның баспасөз қызметі мәлім етті.

«Әділет» партиясы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 1,5 млрд теңге аударады
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

— Барлық жарна ерікті түрде берілді. Атап айтқанда, Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец 600 млн теңге аударды. «Alageum Group» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов пен «ВД-Строй Инжиниринг» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Еркін Оқасов 300 млн теңгеден көмек көрсетті. Сондай-ақ Елбегі Әбдиев, Қанат Ибраев, Мұрат Әмірин, Юлия Якупбаева, Серік Аманғалиев және Талғат Темірханов 50 млн теңгеден берді, — делінген хабарламада. 

Олардың барлығы – «Әділет» партиясы мен Іскерлік кеңестің мүшелері. Қаражат жинауға партияның басқа да мүшелері атсалысып жатыр. Жиналған қаржы қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін «Ұлттық рух» қорына аударылады. Қаражат жинау жалғасады. «Әділет» партиясының мүшелері Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіреді.

Айта кетейік, Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 815 млн теңге бөлген еді.