«Әділет» партиясы өңірлік жұмысты күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — «Әділет» партиясы алдағы уақытта өңірлердегі жұмысын жандандырып, филиалдық желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы партияның II съезінде «Әділет» партиясы бастамашыл тобының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов мәлімдеді. 

«Әділет» партиясы өңірлік жұмысты күшейтпек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, алдағы апталарда партия барлық өңірде конференциялар өткізіп, филиалдар құрып, олардың басшылық органдарын сайлайды.

— Бұл партияның жергілікті жерлердегі ұйымдастырушылық негізін қалыптастырады. Өңірлік конференциялар партияның тұрақты жұмысын жолға қойып, қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Біз «Әділет» төңірегіне белсенді азаматтарды, кәсіпкерлерді, кәсіби қауымдастық өкілдерін, жастар мен қоғам қайраткерлерін біріктіруді көздейміз. Партияның кадрлық әлеуеті мен қоғам алдындағы беделі ең алдымен өңірлерде қалыптасады, — деді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Съезд барысында партияның өңірлік филиалдары туралы ереже де таныстырылды. «Әділет» партиясының саяси кеңесі құрамының мүшесі Динара Зәкиева құжаттың Конституцияға, «Саяси партиялар туралы» заңға және партия жарғысына сәйкес әзірленгенін айтты.

— Ережеде филиалдардың мәртебесі, мақсат-міндеттері, құрылымы, партия мүшелерін есепке алу тәртібі, сондай-ақ басшылық және бақылау-тексеру органдарының қызметі айқындалды, — деді ол.

Айта кетейік, партияның II съезіне 613 делегат тіркелді. Мандат комиссиясының мәліметінше, бұл жалпы делегаттардың 99,5%-ын құрайды.

Еске салайық, елордада «Әділет» партиясының II Съезі өтіп жатыр