«Әділет» партиясының қолдауымен «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаттары марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Әділет» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XIX «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

а
Фото: «Әділет» партиясы

Жиырма жылға жуық уақыттан бері өткізіліп келе жатқан сыйлық инклюзияны, тең мүмкіндіктер мен адам қадір-қасиетін дәріптеуге үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттайтын қоғамдық алаңға айналды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай «Жан Шуақ» сыйлығы бүгінде қоғамдағы маңызды диалог алаңдарының біріне айналғанын айтты.

п
Фото: «Әділет» партиясы

«Бүгін біз мамандығы да, тағдыры да әртүрлі адамдарға құрмет көрсетіп отырмыз. Сіздерді біріктіретін ортақ қасиет – нәтижеге қол жеткізе білу және өз мақсаттарыңызға адал болу. Сіздер өз еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз арқылы өмірімізді жақсартып келесіздер. Көпшілік сіздерге қарап бой түзейді. Әрқайсыңызға қосқан үлестеріңіз бен өзгелерге көрсетіп жүрген өнегелеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді ол.

Биылғы сыйлық халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, қоғам қайраткерлеріне, кәсіпкерлерге, мәдениет және IT саласының өкілдеріне табысталды.

а
Фото: «Әділет» партиясы

Олардың қатарында 2026 жылғы қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов, 2024 жылғы Паралимпиаданың қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков, Future-IT робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нуркежанов, IT-маман әрі параспортшы Айсұлу Сүлейменова, музыкант Кенжебек Нұрдолдай және кәсіпкер Динара Кұтжолова бар.

Халықаралық лауреаттар ретінде жапон скрипкашысы, Гиннестің рекордтар кітабына енген Манами Ито мен Эльбрус және Эверест шыңдарын білек күшімен бағындырған алғашқы параальпинист Рустам Набиев марапатталды.

а
Фото: «Әділет» партиясы

Лауреаттар атынан сөз сөйлеген Ербол Хамитов қоғамдағы өзара қолдау мен құрметтің маңызын атап өтті.

«Азаматтардың шынайы қолдауы, атсалысуы және бір-біріне деген құрметі адамдардың өз күшіне сенім артып, алға ұмтылуына көмектеседі. Дәл осы әрекеттер қоғамды нығайта түседі», – деді Паралимпиада чемпионы.

Өз сөзінде Айбек Дәдебай инклюзивті қоғам құру «Әділет» партиясының басым бағыттарының бірі екенін айтты.

а
Фото: «Әділет» партиясы

«"Әділет" партиясы үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру – басты құндылықтардың бірі. Бүгінгі лауреаттар өз өнегесімен инклюзия ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдаумен ғана шектелмейтінін дәлелдеп отыр. Бұл – әрбір адамның өз әлеуетін ашуына, қабілетін жүзеге асыруына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау. Әділетті Қазақстан дәл осындай қағидаттар негізінде құрылады», – деді партия төрағасы.