Адвокаттар алқасына кіру үшін миллион теңге төленеді - Серік Ақылбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда адвокат жетіспейді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасындағы заңгерлік кәсіпті реттеудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық конференцияда «Қазақстан заңгерлері одағы» РҚБ төрағасының міндетін атқарушы Серік Ақылбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Адвокаттар алқасына кіру үшін миллион теңге төленеді - Серік Ақылбай

«Қазіргі уақытта бізде 4 мың адамға бір адвокаттан келеді. Бұл Еуропада емес ТМД елдеріндегі ең төменгі көрсеткіш. Италияда 360 адамға бір заңгерден келеді. Ал Германияда 500, Ұлыбритания 900 адамға бір заңгерден. Статистика көрсетіп отырғандай соңғы 4 жылда адвокаттар саны 300 адамға өскен бұл айтарлықтай өсім емес», - деді Серік Ақылбай.

Оның айтуынша, Қазақстанда адвокат болу үшін заңгерлік білім, адвокаттар алқасынан алты айдан бір жылға дейін тағылымдамадан өту, аттестация және адвокаттар алқасына жарна төлеу қажет. Тағылымдамадан өту құны 140 мыңнан 280 мың теңге аралықтағы қаржыны құрайды. Ал алқаға кіру үшін бастапқы сома өңірге байланысты 800 мың теңгеге дейін болады. Осылайша адвокаттар алқасына кіру бірнеше кезеңнен құралып, орташа есеппен миллион теңге шығындалады.

«Адвокаттар алқасына кіру үшін әрбір адам миллион теңге бере алмайтындығымен келісетін шығарсыздар. Мұнан кейінге адвокаттар алқасына төлінетін жарна 5- тен 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Алматыда шамамен 762 адвокат бар. 10 АЕК көлеміндегі айлық жарна 22690 теңге. Айына осылайша 17 млн теңге жиналады. Ал бұл ақша қайда кетеді? Ашықтық жоқ», - деді Серік Абылбай. 

Айта кетейік, елордада «Қазақстан Республикасындағы заңгерлік кәсіпті реттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтуде. Шара барысында қатысушылар еліміздің Әділет министрлігі әзірлеген «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы», «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылауда.