Адвокаттар мен нотариустар зейнетақы жарналарын аударып отыруға міндеттелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы азаматтық-құқықтық сипатта келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндерге жаңа міндеттемелер жүктейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент қол қойған Заңның 25-бөлігі 8-тармағына сәйкес, "Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" Заңның 25-бабы 4-тармағына өзгерістер енгізілген.
"Азаматтық-құқықтық сипатта келісімшарт бойынша табыс табатын адвокаттар, жеке сот орындаушылар, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар жеке тұлғалар үшін әр ай сайын БЖЗҚ-ға өз пайдасына аударуға жататын міндетті зейнетақы жарнасы тапқан табыстың 10 пайызына тең. Бірақ ол сома айлық еңбекақы мөлшерінің 10 пайызынан төмен немесе 75 еселенген айлық еңбекақы мөлшерінің 10 пайызынан артық болмауы керек", - делінген заңда.
БЖЗҚ-да бұл өзгерістердің жағымды тұстары бары аталып өтті.
"Бұдан бұрын Заңда аталып отырған тұлғалар зейнетақы жарнасын аударып отыруға құқылы болатын, ал енді жарнаны міндетті түрде аударуы керек. Келісімшарт бойынша жұмыс жасайтын көптеген адамдар бұған дейін зейнетақы жарнасын өз талап-тілегі бойынша аударатын. Бұл жағдай қартайған кезде ақшасыз қалу қаупін үдете түсті", - деп хабарлайды БЖЗҚ баспасөз қызметінен.
Жаңа Заңның қолданысқа енуімен жаңадан ашылатын зейнетақы есепшоттары бойынша алғашқы статистика кейінірек белгілі болады. Заң 14 шілдеде күшіне енеді.