Адвокаттар тұрғындардың талаптарына сәйкес келуі тиіс - Мәми
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Қазақстан Республикасындағы заңгерлік кәсіпті реттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында қатысушылар еліміздің Әділет министрлігі әзірлеген «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы», «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылауда.
Конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми Тәуелсіздік алған уақыттан бері республикамыздың құқық саласында ауқымды реформаларды жүргізілгенін атап өтті. Соттар жұмысы түбегейлі жақсарды. Сот төрелігі тұрғындар үшін неғұрлым жедел әрі қол жетімді бола түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жарыспалылық қағидатын күшейтуді және адвокаттардың құқықтарын кеңейтуді көздейтін қылмыстық процестік заңнаманы жаңғырту жұмыстары басталды.
«Осының барлығы халықаралық үздік стандарттарға сәйкес заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша құқықтық мемлекеттің жұмысын жақсартуға бағытталған» - деді Жоғарғы Сот төрағасы.
Сонымен қатар ол жүргізіліп жатқан реформалар тұрғысынан соттарда өкілдік ету және адвокатура институтын реформалау туралы мәселенің өзекті екендігін баса айтты.
«Адвокаттар мен заңгерлер тұрғындардың талаптарына шын мәнінде сәйкес келуі тиіс және құқықтық кеңістікте азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуі қажет», - деді Қайрат Мәми.