Адвокаттарды лицензиялау жұмысына біршама өзгерістер енгізіледі - Ж. Элиманов

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Адвокаттарды лицензиялау жұмысына біршама өзгерістер енгізілетін болады.

Адвокаттарды лицензиялау жұмысына біршама өзгерістер енгізіледі - Ж. Элиманов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Білікті заң көмегіне құқық және адвокатураның тәуелсіздігі» атты дөңгелек үстел барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Жанат Элиманов осылай мәлім етті.

Министрлік өкілінің айтуынша, аталған заң жобасы бойынша адвокаттық қызметті лицензиялау шарасы біршама өзгеріске ұшырайды. Атап айтқанда, заң жобасын әзірлеуші тарап, әлгіндей үдерісте барынша ашықтықты қамтамасыз етуді қолға алмақшы. Бұл негізінен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шара ретінде қарастырылып отыр. «Сонымен қатар, аттестациялық комиссия құрамы кеңейтіліп, ондағы адвокаттық қауымдастықтар санын арттыру ұсынылуда. Бұнымен қоса, комиссияның жұмысына республикалық адвокаттар алқасының төрағасы жетекшілік етеді. Сонымен қатар, әлгі комиссиялардың отырыстарына бейнебақылау жасау мен стенограмма жүргізу және БАҚ-та жариялау шаралары да күтіледі», - дейді Ж. Элиманов.

Оның айтуынша, артық әкімшілік кедергілерді сылып тастау үшін, аттестациядан өтіп, лицензия алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі оңтайландырылады.