Адвокаттық қызметтің бағасы ашық жарияланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының қарауында жатқан заң жобасында адвокаттардың тарифтерін реттеу мәселесі бар. Аталған ұсыныс дамыған мемлекеттердің тәжірибесі негізінде әзірленді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, адвокаттар қызметінің қымбат болуына бірнеше себеп бар. Бастысы - осы санаттағы мамандардың тапшылығы. Мәселен, Ресейде бір адвокатқа 1 900 адам келеді. Ал Қазақстанда бір адвокат 3 900 адамға қызмет көрсетеді. Сол себепті қымбатшылық байқалады. «Сенатта жатқан заңда біз былай жаздық, адвокаттар жыл сайын өз қызметінің бағасын анықтап, ресми сайттарына жариялайтын болады. Сонда тұтынушылар орташа бағаны біле алады. Осы саладағы тәжірибе АҚШ-та, Ұлыбританияда, сондай-ақ, Еуропа елдерінде бар», - деді М.Бекетаев xалыққа есеп беру кездесуі кезінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, адвокаттарға да бірқатар жеңілдіктер беріледі. Атап айтқанда, алдағы уақытта Адвокаттар палатасына төленетін жарналарды мүлдем алып тастау жоспарланған. Аталған мәселе де заңда көрсетілген.

Айта кетейік, кездесу кезінде министр сот орындаушыларының қызметіне қатысты заң жобасының Парламенттің қарауында жатқанын жеткізді.  Бұдан бөлек, Бас заңгер пәтер сатып аламын деушілерге кеңес берді. 

Соңғы жаңалықтар