АЭФ алдағы жылдарға дамудың стратегиясын айқындайды - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - АЭФ пікіралмасулары сарапшылар мен саясаткерлерге алдағы 3 жылға дамудың болашақ ұлттық стратегиясын айқындауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары Санат Көшкімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АЭФ алдағы жылдарға дамудың стратегиясын айқындайды - сарапшы

«XI Астана экономикалық форумы Қазақстан үшін маңызды оқиғалардың бірі, себебі бұл шара жаһандық экономика тиісті турбуленттілікті сезініп отырған кезеңде өткізіліп келеді. Жалпы, халықаралық жүйе де тұрақсыздау және жаңа сын-қатерлер белең алуда. Қазақстан осы сын-қатерлерге жауап іздеуде, сондай-ақ сақтандырушы тетіктерді пайдаланып келеді. Форум жаһандық деңгейде дамудың болашақ стратегиясын айқындау бойынша Қазақстанның осы ауқымды пікіралмасудың қатысушысы екенін көрсетіп отыр. Оның ішінде АЭФ мақсатына экономикалық дамудың ұлттық стратегияларын жаһандық күн тәртібімен үйлестіру кіреді. Бүгінде әлемнің өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан Қазақстан үшін үйлесімді дамумен қатар, алдымызда тұрған экономикалық сын-қатерлердің алдын алу маңызды болып тұр. Сәйкесінше, АЭФ-тің қорытынды пікіралмасулары қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлерге алдағы 2-3 жылға дамудың болашақ ұлттық стратегиясын айқындауға мүмкіндік береді», - деп тоқталды Көшкімбаев «XI АЭФ: жаһандық сын-қатерлер және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты дөңгелек үстел отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жаһандық экономиканы дамытудың ең маңызды бағыттарының бірі цифрландыруға байланысты. Бүгінде бұл процесс өте екпінді, себебі осы саладағы есептеулер жыл немесе айларға емес, күндер мен апталарға негізделген.

«Технологиялар әлемді, елдерді өзгеріске ұшыратып жатыр. Осы орайда бұған дейін ресурстар экспортына немесе өндірістегі арзан жұмыс күшіне екпін қойған мемлекеттердің бәсекеге қабілеттігі төмендеуде. Сондықтан бізге инновациялық экономиканы, яғни білім мен технология экономикасын дамыту керек», - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, қазіргі кезде экономикалық субъектілердегі әрі бизнес-қоғамдастықтағы тәртіпті өзгерту керек. Бұл тұрғыда аталған форумның мәні мен маңызында осы мәселелер қамтылған.

«Біз қазіргі кезде жаңа сын-қатерлердің алдында тұрмыз. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылу стратегиялық мақсаты бойынша жүріп келеді. Алайда өзге де көптеген елдер дамып келе жатқанын, ал кейбірі  қарқынды түрді ілгерілегенін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан біздің өсім қарқынымызды жандандыру үшін экономикалық күн тәртібімізді тағы қарап шығуымыз керек», - деді Санат Көшкімбаев