АЭФ: «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселелері талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамырдың 25-26-сында «Жаңа экономикалық шындық: әртараптандыру, жаңғыртулар және білім экономикасы» атты тақырыппен өтетін Астана экономикалық форумы аясында «Қаржылық өсудің әлемдік тәжірибесі: Астана Халықаралық қаржы орталығын дамытуға арналған механизмдер мен құралдар» сессиясын өткізу жоспарланып отыр. Шараны «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі» АҚ мен «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Қауымдастығы бірлесе ұйымдастырмақ.

АЭФ: «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселелері талқыланады

Сессия барысында Астана халықаралық қаржы орталығы мүмкіндіктері туралы әңгіме өрбіп, Орталыққа отандық және шетелдік инвестициялар ағымын ынталандыру жайы талқыланатын болады. Бұдан бөлек, сарапшылар «Астана халықаралық қаржы орталығының» даму болашағын, шетелдік әлемдік қаржы орталықтарын құру және дамытудың жетістікті тәжірибесін қолдану мүмкіндіктерін талқылайды.

Сарапшылар пікірінше, «Астана Халықаралық қаржы орталығын» құру арқасында Қазақстанға тек аймақтық саудалық қана емес, сонымен бірге, ірі саудалық мәмілелер мен төлемдер жүзеге асырылатын қаржылық хаб болуға зор мүмкіндіктері ашылады. Осыған орай, форум алаңындағы талқылауға - банктер мен стартаптардың қаржылық технологияларының өзара қарым-қатынастары мәселелері, мемлекеттік реттеу және қолдау, қаржылық технология құралдары шығарылады. Сонымен бірге «Blockchain» технологияларының мүмкіндіктері мен болжалды қатерлерін қамтитын қаржылық жаңа технологиялар мәселелеріне назар аударылмақ.

Бұдан бөлек, форум барысында тұрақты даму және экологиялық қатерлерге де ерекше көңіл бөлінеді. Дәстүр бойынша форумның белгілі қонақтары арасында әр түрлі салалардағы Нобель сыйлығының иегерлері қатысады. Биыл АЭФ экономика бойынша Нобель сыйлығының иегерлері Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес пен Томас Сарджент және басқа ғалымдар шақырылған.