АЭФ аясында Т. Мансұровтың «Н. Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы» кітабының тұсаукесері болды

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінде жұмыс істеп отырған Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ және қалыптаса бастаған Біртұтас экономикалық кеңістік Президент Нұрсұлтан Назарбаев жобасының өмірде нақты іске асырылуының жарқын көрінісі болып табылады.

АЭФ аясында Т. Мансұровтың «Н. Назарбаевтың  өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы»  кітабының тұсаукесері болды

Бұл туралы бүгін VI Астана экономикалық форумы шеңберінде өткен ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Тайыр Мансұровтың «Н. Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесерінде кітаптың авторы айтты.

Бұл кітапта алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1994 жылғы наурызда М.В. Ломоносов атындағы ММУ-де ұсынған Еуразиялық жобасының жүзеге асырылуы құжаттық негізде жан-жақты ашып көрсетілген.

«Монографияның авторы көрнекті қазақстандық саясаткер және дипломат, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы, саяси ғылымдар докторы Тайыр Мансұров Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасының посткеңестік елдердің алдында жаңа мүмкіндіктер мен кемел келешек ашатын тиімді экономикалық және әлеуметтік дамудың өзекті құралы ретіндегі тарихи рөлін жүйелі түрде талдап көрсеткен», - деп атап өтті баспасөз мәслихатын жүргізген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай.

Басылым көпшілік оқырманға, ғалымдарға, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастар саласының мамандарына және осы заманғы тарих мәселелерімен қызығатын жалпы оқырманға арналған.

Кітап «Президент Н.Ә. Назарбаев - қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы», «Еуразияшылдықтың философиясы: еуразияшыл философтардың идеялары мен идеологиясының практикалық әлеуеті», «Нұрсұлтан Назарбаев - осы заманғы еуразияшылдық идеяның авторы. Еуразиялық Мемлекеттер Одағын қалыптастыру жобасы» және басқа да тақырыптарға арналған 7 тарауға бөлінген. Кітаптың орысшасы мен қазақша нұсқалары былтыр оқырманға жол тартқан болатын.