АЭФ шеңберінде Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену мәселесіне арналған сессия өтеді
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ 2013 жылдың 22 мамырында
VI Астана экономикалық форумы шеңберінде әлеуметтік-экономикалық саясаттың проблемаларымен айналысатын ұлттық және халықаралық сарапшылардың, мемлекеттік органдар мен агенттіктер өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру тұжырымдамасы» тақырыбына арналған сессияны өткізеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Жаһандандыру, түпкілікті ғылыми-технологиялық революция, білім экономикасын қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаумен, әлемдік экономика трансформациясымен, сондай-ақ адами капитал сапасымен байланысты жаңа жаһандық талаптар әлемнің жаңа бейнесін қалыптастыру процесінде өзгерісті кезеңге айналды. Қазақстан үшін әлемдік экономика трансформациясы әлемдік нарықтарда, технологиялар мен капитал импортында, сыртқы экономикалық интеграцияны дамытуда позицияларды нығайту мен кеңейтуде жаңа мүмкіндіктерді жасайды. Бұл үрдістер өзгеріп жатқан әлемдік конъюнктураны ескеретін мемлекеттің жаңа экономикалық саясатын әзірлеуді талап етеді. Жаңа талаптар ұзақ мерзімді дамуға тұрақты негіз құру бойынша міндеттер мен басымдықтардың жаңа аясын құрады», делінген баспасөз ақпаратында.
Ал панельды сессияның мақсаты әлемдік экономика дамуының ұзақмерзімді трендтерін және Қазақстанның болашақ еңбек бөлінісінде позициялары мен ұлттық және халықаралық сараптама қауымдастығы өкілдерін Қазақстанның ұзақ мерзімді даму және оның әлемнің ең дамыған топ-30 мемлекетінің қатарына кіру туралы диалогқа тартуды зерттеу болып табылады. Сессия барысында бірқатар өзекті мәселелер талқыланатын болады. Атап айтқанда, жаһандық трендтер және Қазақстан Республикасының әлемдік экономикалық қауымдастықтағы орны, 2050 жылға қарай әлемнің дамыған топ-30 елінің позицияларына жету әлеуеті мен факторлары, Қазақстанның бәсекеге қабілетті ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық даму үлгісін қалыптастыру жайттары талқыға арқау болмақ.