Аэрофлот жүктердің уақтылы жеткізілмеуіне байланысты тергеу жүргізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында жүктердің уақтылы жеткізілмеуіне байланысты жолаушылар шағымының жиілеуіне орай халықаралық рейстерді орындайтын барлық әуе компаниялары өкілдерімен отырыс өтті. Бұл жайында Инвестициялар және даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аэрофлот жүктердің  уақтылы жеткізілмеуіне байланысты тергеу жүргізеді

Жиын барысында «Аэрофлот» және «Россия» әуе компаниялары өкілдерінің 2017 жылғы 23 шілдедегі жүктерді уақтылы жеткізбеу фактісі, ал «SCAT» әуе компаниясы өкілінің рейстер кестесінің бұзылу бойынша есебі тыңдалды.

«Аэрофлот» әуе компаниясы өкілдігінің басшысы Владимир Кушниренконың ақпаратына сәйкес, кемшілік ресейлік әуежайларында жүкті өңдеу жүйесінің бұзылуы себепті орын алған. Алдағы уақытта әуе компаниясы ішкі тергеу жүргізетін болады және мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын қабылдайды. Сонымен қатар «Россия» әуе компаниясы» АҚ өкілі Алмас Мамилиннің жүктердің жеткізілуінің кешігуін төмендету бойынша ұсыныстары тыңдалды.

Кездесу барысында «SCAT» әуе компаниясы рейстерінің кешігуі мен орындалмауы жағдайлары да ортаға салынды. «SCAT» әуе компаниясы» АҚ филиалының директоры Ирина Лупундюктің сөзіне қарағанда, рейстердің кешігуі мен орындалмай қалуы 2017 жылғы шілденің 14-16-сы аралығында компанияның бірнеше әуе кемесінің ақаулығына байланысты орын алған. Осы жылдың маусымында 2259 рейс орындалып, оның 420 рейсі кешікті. Ал шілдеде 1826 рейс орындалса, соның 470 кешіктіріліп отыр.