Аэроғарыш комитеті өзінің «Қазғарыш» брендін сақтап қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформаға сәйкес 2014 жылдың 14 тамызында Ұлттық ғарыш агенттігі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті болып өзгертілгені белгілі.
ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып Талғат Мұсабаев тағайындалды. Сондай-ақ ол Қазақстан Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды. ҚР ИДМ АҒК-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, таяуда Аэроғарыш комитеті туралы ереже бекітілді, сондай-ақ ҚР ИДМ АҒК төрағасының орынбасарлары тағайындалды. Атап айтқанда, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасарлары болып Мейірбек Молдабеков пен Еркін Шаймағамбетов тағайындалды. Олар бұған дейін де ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың орынбасарлары болған еді. Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасарларының қатарына ҚР ҰҒА-ның бұрынғы жауапты хатшысы Ерғазы Нұрғалиев те қосылды. Сонымен бірге ҚР ИДМ төрағасының бұйрығымен құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен комитет қызметкерлері тағайындалды. Құрылымды оңтайландыру кезінде Аэроғарыш комитетінің штаттық саны 10 пайыздан астам қысқарды. ҚР ИДМ-інде бекітілген бұйрық пен Әділет мнистрлігінен өткен ҚР ИДМ Аэроғарыш комитеті туралы Ережеге сәйкес Аэроғарыш комитетінің «Қазғарыш» деген қысқаша атауы (немесе бренд) сақталып қалды, деп атап өтті баспасөз қызметінде.