Аэротакси технологиясын реттеуге заңнамаға өзгеріс енгізіле ме

АСТАНА. KAZINFORM – Аэротакси қызметі алғаш қай қалаларда іске қосылады? Бұл технологияны реттеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізілді ме? Бұл сұрақтарға ҚР Көлік министрлігі жауап берді.

Когда казахстанцы смогут пользоваться аэротакси
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

- Аэротакси қызметі бастапқы кезеңде Алатау және Алматы қалаларында іске қосылады. Мемлекет басшысы 2026 жылдың 8 мамырында «Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Осы Заңның 57-бабы Алатау қаласында қазіргі заманғы қалалық әуе мобильдігі технологияларын, соның ішінде пилотты және пилотсыз инновациялық ұшу аппараттарын енгізу үшін құқықтық негіз құруды көздейді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Норма Алатау қаласында қазіргі заманғы инновациялық ортаны қалыптастыруға және әуе кеңістігін пайдалана отырып, перспективалық көлік және логистикалық шешімдерді дамытуға бағытталған.

- Бұл ретте, мұндай технологияларды енгізу міндетті түрде экспериментальді құқықтық режим аясында сынақтан өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл қауіпсіздік, тиімділік және инфрақұрылымның дайындығы мәселелерін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Бүгінде халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әуе көлігін реттейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар жинағы әзірленді және тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау рәсімдерінен өтіп жатыр, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, Алатау қаласына арнаулы құқықтық мәртебе берілді.

Бұған дейін «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров аэротаксидің жол ақысына қатысты пікір айтты.