Аэротаксиді іске қосу: қай елдердің тәжірибесі қаралды
АСТАНА. KAZINFORM – Аэротакси қызметін енгізу үшін әуе кеңістігін басқару жүйесін жаңарту қажет пе? Бұл сұраққа Көлік министрлігі жауап берді.
- «Alatau Advance Air Group Ltd.» жеке компаниясы (AAAG) қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility), соның ішінде аэротакси және пилотсыз авиациялық желіні (ПАЖ) қамтитын жүйелерді басқару деңгейіндегі нарықты жан-жақты зерттеп жатыр, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар Қазақстан қай модельді таңдағаны мәлім болды.
- AAAG мәліметтері бойынша, АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия және Қытайдан электрлік тік көтерілетін және қонатын (electric Vertical Take-Off and Landing (eVTOL) aircraft) ұшақтарды өндіретін жетекші өндірушілердің қатысуымен халықаралық тендер өткізілді. Нәтижесінде, жобаны іске қосу үшін екі жетекші әлемдік өндіруші таңдалды – AutoFlight (Қытай) және Joby Aviation (АҚШ), - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, аэротакси қызметі бастапқы кезеңде Алатау және Алматы қалаларында іске қосылады.