АЭС бойынша референдумға қатысты БАҚ-та заң нормаларын сақтамаудың 14 фактісі анықталды

Канат Искаков
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – АЭС бойынша референдумға қатысты БАҚ-та заң нормаларын сақтамаудың 14 фактісі анықталды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.

«Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан республикалық референдумға дайындық барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып өткім келеді. Осы кезеңде Министрліктің алдына екі негізгі міндет қойылған еді: бірінші міндет – референдумға шығарылған сұрақ, сондай-ақ референдумды ұйымдастыру аспектілері бойынша халықпен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болса, екіншісі – бұқаралық ақпарат құралдары және онлайн-платформаны пайдаланушылардың референдум алдындағы үгіт жұмыстарын жүргізу кезінде заңнамалық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету», - деді вице-министр. 

Оның атап өтуінше, ірінші міндетті іске асыру аясында референдумға дайындық және оны өткізу барысы туралы халықты ақпараттандыру бойынша министрлік үлкен жұмыс жүргізді.

Референдумға дайындықты ақпараттық қамтамасыз етуге республикалық және өңірлік телеарналар, газеттер, сондай-ақ республикалық және өңірлік деңгейдегі интернет-ресурстар қатысты. Екінші міндет ауқымында Қазақстан Республикасының республикалық референдум туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау мақсатында ақпараттық салаға тәулік бойы мониторинг жүргізу ұйымдастырылды. Референдум науқанына мониторинг жүргізу 6 қазанда аяқталады.

«Мониторинг БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылардың келесі үш негізгі талапты сақтауын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді. Біріншісі - анонимді үгіт материалдарын орналастыруға тыйым салу, яғни үгіт материалдарын шығарған ұйым, басылып шығарылған орны және таралу саны, шығаруға жауапты тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын тиісті түрде таңбаланбаған материалдар. Екіншісі – қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу тәртібіне қойылатын талаптарды сақтау. Үшіншісі - Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты үгіттеуге жол бермеу. Мониторинг жүргізу барысында, «Республикалық референдум туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заң нормаларын сақтамаудың 14 нышаны, оның ішінде 13 бұзушылық онлайн-платформаларда, 1 бұзушылық интернет-басылымда анықталды. Анықталған бұзушылықтар сауалнамалар мен олардың нәтижелерін орналастырумен байланысты болды», - деді Қанат Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар
telegram