AES компаниясы соғыс ардагерлері тұтынған электр энергиясының ақысын төлеп бермек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы AES компаниялар тобы жыл сайын ұйымдастырылатын Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұтынған электр энергиясының құнын төлеп беру акциясын биыл да жалғастырмақ. Үш айда ардагерлердің есебіне 2,9 млн теңге аударылады,-деп хабарлады энергетикалық компания өкілдері «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.
None
None

Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда өңірде 390 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Бұл санаттағы азаматтардың қатарына соғысқа қатысушылар мен мүгедектер, Ленинград блокадасының бұрынғы тұрғындары, концлагерьлердің тұтқындары, майданда қайтыс болғандардың жесірлері кіреді.

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің абоненті болып табылатын әрбір ардагерге сыйлық ретінде 600 кВт/сағат қуат беріледі. Сәуір, мамыр, маусым айларына AES әрбір ардагердің есебіне 2500 теңгеден аударады. Зейнетақы төлеу орталығынан алынған және облыстық ардагерлер кеңесімен мақұлданған тізім электр энергиясы есебінің мәліметтерімен сәйкестендірілген.

Электр қуатының құны төленгендігі жөніндегі құжаттарда «Қазақстандағы AES тобы тарапынан төленген» деген жазу болады.

AES компаниялар тобының директоры Дүйсен Мерғалиевтің сөзінше, 7 жыл бұрын, яғни акция іске қосылған уақыттан бастап, ардагерлер тұтынған қуаттың құнын төлеу компания өкілдері үшін ең маңызды әлеуметтік жобалардың біріне айналған.

«Бізге бүгінгідей ашық аспан мен бейбіт өмірді сыйлап кеткен ардагерлер кез келген сыйлық пен мақтауға лайықты»,-деп есептейді ол.

Соңғы жаңалықтар