АЕS компаниясына кіретін кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару керек - Н. Сабильянов
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Үкімет басшысының атына сауал жолдап, АЕS компаниясының құрамына кіретін бірқатар кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтерді.
«Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесу өткізгенде облыстың елді мекендерін, соның ішінде Өскемен және Семей қалаларын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін АЕS компаниясының және оның құрамына кіретін «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің қызметіне қатысты сұрақтар жиі көтеріледі. Сайлаушылар тарапынан электр жарығына тарифтің жыл сайын өсуі, электр жарығының дұрыс берілмей жиі өшірілуі, электр құрал-жабдықтарының, қондырғылардың тозғаны, күрделі жөндеу жүргізілмегені, ауылдық жерлерде электриктерді қысқартуы және т.б. мәселелер айтылуда. Шетелдіктердің қарауындағы бұл компаниялардың іс-әрекеті халықтың наразылығын тудырып отыр», деді депутат.
Оның айтуынша, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ақпаратына сәйкес, АЕS компаниясының жекешелендіру міндеттемелерін орындамауы - 459 млн. долларды құраған. Соның ішінде «AES Шүлбі су электр стансысы» ЖШС - 396,5 млн. доллар, «АЕS Өскемен су электр стансысы» ЖШС - 37,97 млн. доллар, «АЕS Өскемен жылу электр орталығы» АҚ - 21 млн. доллар берешегі бар екен.
«Ал аталған нысандардың мемлекет меншігінде болуы стратегиялық тұрғыдан, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Сол үшін АЕS компаниясының құрамына кіретін «AES Шүлбі су электр стансысы» ЖШС-ін, «АЕS Өскемен су электр стансысы» ЖШС-ін, «АЕS Өскемен жылу электр орталығы» АҚ-ын және «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды сұраймын», деді депутат.