АЭС құрылысы бойынша консорциум өнімділігі жоғары технологияларды тартуға ықпал етеді - сарапшы

Талғат Қалиев
Фото: Қазақстан халқы Ассамблеясы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Белгілі саясаттанушы, сарапшы Талғат Қалиев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында көтерілген тақырыптарға қатысты пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы өнімді тереңдетіп өңдеу саласын дамыту керек екеніне және экспорттық бағытты кеңейтуге, сондай-ақ жоғары технологиялық экономиканы құруға қатысты ерекше тоқталды. Бұл тұрғыда инвесторларды осы салаларға назар аударуға шақырды. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ескерілген. Мәселен, агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыру бағытында шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны 5 млрд доллардан асатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, еліміздегі аграрлық сектордың әлеуеті өте зор. Бұл ретте, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту үшін жер көлемі жеткілікті. Жалпы, Қазақстанның бұл саладағы тәжірибесі баршылық. Сондықтан инвесторларға осы салалар қызық болуы мүмкін, себебі азық-түлік әрқашан жоғары сұранысқа ие. БҰҰ дерегіне сүйенсек, 2050 жылға қарай азық-түлікке деген сұраныс көлемі 2 есеге артуы мүмкін», - деді Т. Қалиев.

Бұдан бөлек сарапшы Қазақстанның алғашқы атом электр станциясын салу жоспарына тоқталды.

«Мемлекет басшысы қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Осы салаға инвесторлар барынша белсенді тартылады деп ойлаймын. Бұл тұрғыда қазір АЭС салуға қауқарлы компаниялар жоғары бәсекелестікте қызмет етіп жүр. Осы орайда олар соңғы буынды технологияларды ұсынуға тырысады. Менің ойымша, Президенттің Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында айтқан мәлімдемесі олардың назарынан тыс қалмайды», - деді саясаттанушы.

Оның пайымынша, консорциум құру бір ғана технологияның айналасында шоғырлануға жол бермейді. Яғни нарықтағы ең қауіпсіз әрі өнімділігі жоғары технологияларды іріктеуге ықпал етеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан шетелдік инвесторлардың қатысуымен агроөнеркәсіп кешенінде 5 млрд доллардың жобалары іске асырылады.

ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты Қазақстан АЭС құрылысы үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатқанын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram