АЭС құрылысына 15 млрд долларға дейін жұмсалуы мүмкін – Тимур Жантикин

Тимур Жантикин
Фото: kaznu.kz

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин елімізде АЭС салуға қанша қаражат жұмсалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«АЭС жобасына құжаттар шамамен 5 жыл әзірленеді. Өйткені, бірінші кезеңде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге 1,5-2 жыл керек. Содан кейін Үкімет АЭС салу туралы оң шешім қабылдаса, жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Оған да уақыт керек. АЭС шашамен 5 жылда салынады, яғни атом электр станциясын 2035 жылы іске қосамыз деп ойлаймыз», - деді Т. Жантикин елордада «Бейбіт атом» тақырыбында өткен республикалық семинарда. 

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің электр энергетикасын дамыту бағдарламасы мен қажет атом блогы санына қатысты тұжырымдама әзірлеу керек. Осыны негізге алып, Қазақстанның электр энергетикасын дамыту бағдарламасы дайындалады. 

«Бірінші станция 10-15 млрд доллар болуы мүмкін. Себебі, ол – алғашқы станция. Қазір қаржыландыру көзі пысықталып жатыр. Бұл – негізінен халықаралық қаржы институттары. Жоба әзірге коммерциялық тәртіпте қаралып жатыр, яғни мемлекет оған араласпайды. Сондықтан онда тиісті шарттар ескерілген», - деді Тимур Жантикин.

Биыл жазда Энергетика министрлігі екі энергия блогынан тұратын станция салуға шамамен 12 млрд АҚШ доллары керек екенін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар