АЭС құрылысына қатысты тиісті консультациялар басталды - Алмасадам Сәтқалиев
АСТАНА. KAZIFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысына қатысты түсінік берді
«Арнайы үкіметтік комиссия құрылады. Бұл комиссия конкурстық процеске қатысатындармен ашық конкурстық диалогты бастайды. Қазір алдын ала консультациялар басталып та кетті. ҚХР мен Оңтүстік Кореяда кездесулер болды. Біз әлеуетті вендорларға тиісті талаптарды айтып жатырмыз. Осы орайда электр энергиясы мен құрылыстың өзіндік құны, сондай-ақ нысанның құрылысын уақытылы аяқтау кепілдігі сияқты мәселелер ескерілген. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелері, бүкіл әлеуметтік пакет, қаржыландырумен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр», - деді А. Сәтқалиев.
Оның айтуынша, бұл диалог аясында үкіметтік комиссия тиісті ұсыныстарды даярлайды. Кейіннен осы ұысыныстар ҚР Президенті жанындағы Энергетикалық кеңесте қарау үшін Үкімет басшылығы алдында таныстырылады.
«Қаржы-экономикалық блок бойынша, құқықтық мәселелер бойынша кеңесшілерді тарту жоспарланған. Мұнымен қоса, техникалық кеңесші болады», - деді министр.
Айта кетейік, Орталық референдум комиссиясы 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады.
Оған сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін қолдады. Ал қарсы дауыс бергендер саны – 2 045 271 адам.