АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу жауапты қадам болмақ – Ерлан Қошанов

None
Фото: parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент жаңа Салық және Бюджет кодекстерін қабылдайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Экономиканы трансформациялау, азаматтардың тұрмысын жақсарту бойынша ауқымды міндеттер қойылды. Біз кеше ғана өңірлерді аралап келдік. Сондықтан халықты толғандырып отырған мәселелерді жақсы білеміз. Ол – әр отбасының берекелі өмір сүруі, тұрақты жұмыс, лайықты жалақы, балалардың амандығы мен қауіпсіздігі. Ең бастысы – еліміздегі тыныштық, бейбітшілік пен тұрақтылық. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де мәселелердің бәріне нақты жауап берді. Президент азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты назарында екенін тағы да айқын көрсетті. Мәселен, келер жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара 1,8 миллион адамды қамтиды. Оның 350 мыңы бюджет саласының қызметкерері», - деді Е. Қошанов.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы Президентті қатты алаңдатып тұрғанын айтты.

«Соңғы кездері бұл әлеуметтік шиеленістің негізгі себебінің біріне айналып келеді. Бүгінде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды. Халықтың тұрмыс сапасы экономикалық өсімге тікелей қатысты. Ал жаңа экономикалық серпіліс жасау үшін мемлекетімізде мүмкіндік мол», - деді ол.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Кейбір өңірлерде «коммуналдық коллапс» болғанын бәріміз де көрдік. Тұрғындар жылу, су, электр жарығынсыз қалды. Бұл – ауқымды мәселелер және де үлкен әрі ұзақ мерзімді инвестицияны қажет етеді. Осы орайда Жолдауда инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту міндеті жүктелді. Су мәселесі де еліміз үшін аса өзекті. Әсіресе, судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты өңірлерде мәселе көп. Оны кеше облыстарды аралау кезінде өздеріңіз де көрдіңіздер. Осы орайда суға қатысты мәселелерді толық шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Тағы бір маңызды мәселе – көлік-логистика. Бұл сала экономиканың күретамырына айналып келеді. Бүгін Жолдауда теңіз, жол инфрақұрылымын дамыту, көлік әлеуетін арттыру бойынша біраз міндет жүктелді. Ол үшін Көлік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей аналысатын болады», - деді Ерлан Қошанов.

Оның пайымынша, атом электр станцияның құрылысы бойынша референдум өткізу жауапты әрі маңызды қадам болмақ.

«Жалпы, бүгін Президент осы сессияға арналған заң шығару жұмысының басым бағыттарын айқындап берді. Біз жаңа Салық және Бюджет кодекстерін қабылдаймыз. Олар кәсіпкерліктің дамуын ынталандырып, бизнес-процестердің бәрін түсінікті және ашық етуі керек. Сонымен қатар цифрландыруды жетілдіруге, ғылым мен технологияны дамытуға заңнамалық тұрғыдан тың серпін беру қажет. Бұдан бөлек, монополияға қарсы күрестің тиімділігін артту үшін қолданыстағы заңға да өзгерістер енгіземіз. Әріптестер, біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттердің заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындалуын қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттен бөлінген әрбір тиын мүлтіксіз өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Депутаттар мұны қатаң қадағалауы қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.


Соңғы жаңалықтар