«АЭС салудан бас тартамыз ба?»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 наурыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«АЭС салудан бас тартамыз ба?»-республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен «Горки-9» мемлекеттік резиденциясында кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді. Басылымның атап өтуінше, Қазақстанда сәуір айында президенттік, Ресейде желтоқсан айында Мемлекеттік Думаға сай­лау болатынын айтқан Д.Медведев: «Әрине, басқа елдің сайлауына болжау айту қиын, бірақ біз Сіздің жо­лы­ңыз болып, бастаған істерімізді одан әрі бірлесе жалғас­тыра беруді тілейміз. Біздің елдеріміз­дің арасындағы қарым-қатынас­тар ұзақ мерзімге шақталған және ол жыл сайын артып келеді», - деп атап көрсеткен. Мақала «Достықтың дәстүрлі жалғасы» деген тақырыппен берілген.

«Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы Өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Аймақтық бітімгерлік дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ және оның құрылымдық бөлімдерімен ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды. Аймақтық орталықтың қызметін жоғары бағалай келіп, төраға Орталық БҰҰ жүйесіндегі тиімді институт болып табылатынын атап өтті.

***

«Өткен жылы түйіні тарқап, нүктесі қойылды-мыс С гепатитін жұқтырған лейкемиямен ауыратын балалардың мәселесі кеше алматылық баспасөз орталықтарының бірінде тағы бұрқ ете көтерілді», - деп жазады «Айқын» газеті. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырған «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті Марианна Гуринаның айтуынша, бір жыл бұрын комиссия жылы жауып қойған мәселеден кейін аналардың алаңы да біршама басылған екен. Алайда уақыт өте келе шикіліктер бірінен соң бірі бой көрсете бастапты. Басылымның атап өтуінше, көптеген елдерде лейкемиямен ауыратын балаларды емделіп, жазылғаннан кейін есептен 10 жылдан кейін шығаратын болса, бізде бұл мерзім - 5 жыл ғана. Ал гепатиттің баланың бойына 5-7 жылдан соң қайта соғуы да мүмкін екен. Түйткілді жайт «С гепатитін жұқтырған сырқаттардың саны артты» деген тақырыппен берілген.

Кеше Астанада өткен Қазақстан энергетиктерінің республикалық VІІ кеңесі электр энергетикасын дамытуды халықтың әл-ауқатын нығайту негізі ретінде іске асыру мәселесіне арналды. Осыған орай «Айқын» газетінде «АЭС салудан бас тартамыз ба?» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, Парламент депутаттары, «Нұр Отан» ХДП, БҰҰ, ЮСАИД дамыту бағдарламаларының, халықаралық ұйымдардың, энергетикалық ұйымдар мен компаниялардың, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының өкілдері қатысқан сол кеңесте энергетика саласының бар мәселесі талқыға түсті. Жапониядағы атом электр стансасында болған жарылыстан кейін Қазақстанда АЭС салу қажет пе деген мәселе де әңгіме өзегіне айналды.

***

Мал шаруашылығы саласында мақсатты бағдарланған мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы, сондай-ақ бірқатар салалық бағдарламаның қабылдануы нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жыл сайын тұрақты өсім байқалады. Бұл турасында «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Бір жылдан өндірілген 5 млн сүт қайда?» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Жарияланымға кеше ет және сүт өндірушілердің елордада өткен екінші форумында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның деректеріне сәйкес, бір жылда өндірілген 5 млн 341 мың тонна сүттің 180 мың тоннасын - ауылшаруашылық тауар өндіруші кәсіпорындар, 373 мың тоннасын - шаруа-фермерлік қожалықтар, 4 млн. тоннадан астамын жеке үй шаруашылықтары өндірген.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында саяси ғылымдар докторы Гүлмира Сұлтанбаевамен арадағы сұхбат «Дербес экономикалық құрылым ретінде зерттеу университеті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы тиіс» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Білім мен ғылым - қашанда қоғамды өрге сүйрер, елді өркениетке апарар ағысы қатты арна, қуатты күш. Өкініштісі - біздің ғылымымыз, біліміміздің қанатын кеңге жайып, өрге басында ағат кеткен реформалардың орын алған және олардың өміршеңдігінен науқандығы асып түскені», - дейді.

***

«Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мұнайгаз саласы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, онда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Сондай-ақ басылымның атап өтуінше, сол күні түс ауа Үкімет басшысы 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі салалық бағдарламаның жобасы қаралған кеңес өткізді. Бағдарламаны талқылауға орталық атқарушы органдар басшылары, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, ҚР Парламентінің депутаттары, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің, Бас прокуратураның және басқаларының өкілдері қатысты.