АЭС-ті біздің оңтүстікке салыңыздар – вице-министр белсендінің өтінішіне жауап берді

АЭС
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановқа орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде Атом электр стансасын оңтүстік өңірге салу туралы ұсыныс айтылды.

«Басқаларға керек болмаса, біздің оңтүстікке АЭС қатты керек. Іргеміздегі Өзбекстан Жызақта салып жатыр. Түркістан облысында, Көксарайдың бойында неге салмасқа? Тек Балқаш пен Ертістің бойына емес, оңтүстікке де АЭС салуға бола ма?» - деп сұрады белсенді Бақытжан Көпбаев.

Министрлік өкілі Түркістан аймағына АЭС салу ұсыныс орынды екенін атап өтті.

«АЭС-тің орнына келсек, биыл ғана басталған жұмыс емес қой. Кейінгі 10-15 жылдың ішінде жұмыс топтары осы бағытта ізденді – орындар қарастырды. Өзіңіз білесіз, Ақтау, Курчатов қалалары мен Үлкен кенті ұсынылған болатын. Соның ішінде Алматы облысының Үлкен кентіндегі орын бұрын да жан-жақты зерттелген. Біріншіден, біз қай жерде тапшылық көп, желілер қай жерде дамыған? Осы сияқты факторларды ескеріп отырмыз. Өзіңіз айтқандай, оңтүстік өңірлерде электр қуатының тапшылығы бар. Сондықтан осы өңірді таңдап отырмыз. Бірақ алғашқы стансаны салып бастасақ, кейін қуаты 1200-2400 МВт болатын ірі реактор емес, 300-600 МВт болатын реакторлар пайда болған кезде оңтүстік, батыс өңірлерге де орнатуды қарастыруға болады. Бірақ оның бәрі халықтың келісім арқылы іске асу керек», - деді Сұңғат Есімханов.

Соңғы жаңалықтар