АЭС-ті француз компаниясы салуы мүмкін бе - Алмасадам Сәтқалиев жауап берді

алмасадам сәтқалиев
Фото: Kazinform

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақордада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында франциялық Electricite de France компаниясымен Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Франция делегациясының сапарына келсек, Энергетика министрлігі бойынша біршама ауқымды мәселені талқылау көзделген. Бірінші мәселе - Total Energy компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу туралы келісім. Ол парктің электр қуатын сақтайтын құрылғысы да болады. Бұған дейін жаһандық жылынуға қарсы күрес, аталған жобаға инвестиция тарту жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Жалпы Мәжілісте осы келісімді ратификациялау жұмысын бастап кеттік», - деді ол Франция және Қазақстан президенттерінің Ақордадағы кездесуі алдында.

Сондай-ақ, ол франциялық компанияның Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігіне тоқталды.

«Осы сапар аясында біздің EDF (Electricite de France -ред.) компаниясымен серіктестігіміз талқыланады. Қазір олар General Electric-тің атом электр стансаларына арналған турбиналар өндірісіне байланысты активтерін сатып алу келісімін аяқтап жатыр. Компанияның бұл салада бірегей тәжірибесі бар. Францияда олар 50-ден астам реакторды іске қосқан. Шетелде де салады. Өздеріңіз білетіндей, EDF Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың шорт-парағына енген. Егер Франция тарапы келіссөз жөнінде бастама білдірсе, біз оны жүргізуге дайынбыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық, Франция Президенті Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді.

Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп жоспарланған.

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.

Соңғы жаңалықтар