Афинада лаңкестік қатерге орай қауіпсіздіктің төтенше шаралары енгізілді
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Афинада лаңкестік қатерге орай қауіпсіздіктің төтенше шаралары енгізілді. Мұндай шара 2004 жылы Олимпиада ойындары кезінде ғана енгізілген болатын, деп жазады "Катимерини" газеті.
Грек полициясы Грекияның Еуроодаққа төрағалығы кезінде пайдаланылатын мекемелерді, қонақүйлерді, тас жолдарды қатаң бақылауға алған. Мемлекеттің мұндай қадамға баруына «17 қараша» лаңкестік тобының мүшесі Христодулос Ксирос түрмеден қашып кеткеннен кейін 20 қаңтар күні жаңа лаңкестік әрекеттердің орын алатындығы туралы мәлімдеме жасаған бейнежазбасының жарық көруі түрткі болған еді. Онда саясаткерлерге, журналистерге және кәсіпкерлерге қастандық жасалатындығы айтылған. Сарапшылар лаңкестер нысанаға алуы мүмкін 250 «нысанды» анықтап отыр. "Катимерини" басылымының мәліметінше ЕО-дағы грек төрағалығына байланысты шаралар өтетін Заппион сарайы мен еуропалық шенеуніктер тоқтаған қонақүйді айнала қарулы полиция мен құпия агенттік қорғап тұр. Сондай-ақ бүгін өтетін ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитіне қатысатын 30-дан астам лауазымды тұлға қорғауға алынған. Полиция 320 нысандағы қауіпсіздік шарасын күшейтті. Ксиросты іздеп табуға АҚШ пен Ұлыбританияның қауіпсіздік қызметтері қол ұшын беруде.