Афинада мұсылман мигранттар мен полицияның арасында қақтығыс орын алды
АФИНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні кешке Афина орталығында мұсылман иммигранттар мен грекия полициясының арасында қақтығыс орын алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Жергілікті телеарналардың хабарлауынша, тәртіпсіздікке Сирия, Пәкістан және Ауғанстаннан келген 1500-дей мұсылманның манифестациясы себеп болған. Иммигранттар, грек полицейі сириялық дәмханалардың бірін тексеру кезінде қасиетті Құран кітабын жыртып, аяқ астына лақтырғанын айтып отыр. Манифестшілер Афина орталығындағы Омония алаңына бет алып, жол-жөнекей бірнеше дүкеннің витринасы мен автокөліктердің терезелерін сындырған. Акцияға қатысушылар сондай-ақ жергілікті полиция учаскесіне тас, қоқыстар салынған жәшіктерді лақтырған. Тәртіп сақшылары оларды тарату үшін көзден жас шығаратын газ пайдаланған.