Афинадағы алғашқы мешіт құрылысы қолға алынды
АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат - Қараша айының 14-і күні грек билігі Афина қаласында алғашқы мешіттің құрылысы қолға алынғанын хабарлады, деп жазады muslim.kz.
Гректердің астанасында мұсылмандардың құлшылық үйін тұрғызуға қатысты шешім осыдан 13 жыл бұрын қабылданған болатын. Алайда, ел тұрғындарының 95 пайызын құрайтын православтардың наразылығына байланысты бұл шешімді жүзеге асыру мүмкін болмай келген еді. 2011 жылы ел үкіметі мешіттің құрылысына қатысты арнайы заң қабылдап, осы жазда бюджеттен 946 мың еуро бөлді. Мешіт құрылысының кеш қолға алынуына тендерді ұтып алған мердігер фирмалардың артынан бастапқы ниеттерінен бас тартқаны себеп болды. Қазіргі уақытта мешіт құрылысын жүргізетін мердігер компания табылып, мұсылмандар мерейін өсірді.
Мешіт бұрынғы әскери бөлімшенің орнында тұрғызылады. Оның аумағы шамамен 600 шаршы метрді құрайды. Тек мешіттің мұнарасы болмайды.
Афина - бірде-бір мешіті жоқ кәрі құрлықтағы санаулы астаналардың бірі. Соңғы уақытта бұл елдегі мұсылмандардың қатары сырттан келген иммигранттардың есебінен артқанын айта кету керек.