Афиныда полицейлерге пулеметтен оқ жаудырылды
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат - Грекия елордасының солтүстігіндегі полиция бекетіне жасалған шабуылдың салдарынан төрт тәртіп сақшысы жараланды
AFP агенттігінің хабарлауынша, қазанның 27-сі күні кешке мотоциклге мінген екі адам полиция учаскесіне келіп, пулеметтен оқ жаудырған, одан кейін оқиға орнынан іздерін жасырған.
Зардап шеккендер жақын ауруханаларға жеткізілді. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, екеуі ауыр жағдайда.
Өткен жылдың желтоқсан айынан бері Грекияда жастардың анархистік топтары бой көтеріп, полицияға қарсы ұдайы қарулы шаралар ұйымдастырып келеді. О баста тәртіпсіздіктің басталуына полицейлермен болған қақтығыста 15 жасар жасөспірімнің қаза табуы себеп болған.