Африка аштықпен күресуде Батыстан көмек сұрайды
АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Африка мүйісі елдері үкіметінің өкілдері аштықпен күресу стратегиясын әзірлеу үшін Найробиге жиналды.
Euronews хабарлағандай, Кения СІМ басшысы Мозес Веталунга халықаралық қауымдастықтың көмегінсіз Африка гуманитарлық апатпен күресе алмайды деп есептейді.
«Біз НАТО Ливиядағы операцияны ұйымдастырып, Каддафиді құлатуға миллиардтаған долларды шығындап жатқанда, Африкада аштықтан қырылып жатқан халықты құтқаруға аздаған ақшаны еш қиындықсыз таба алатынын әлемнің есіне салудан шаршамаймыз. Егер Америка Ирак пен Ауғанстандағы өз жобаларына миллиардтарды шығындап жатса, демек, оның Африка мүйісінің құрғақшылық жайлаған аудандарында бөгет салуға, Сомалидегі жағдайды қалпына келтіруге, азық-түлік өнімдерінің өндірісіне көмектесуге және елді мекендерді абаттандыруға сол ақшаның азғантай бөлігін шығындауға әлеуеті жетеді деген сөз», - деп мәлімдейді шенеунік.
Еске сала кетейік, Африка құрлығы соңғы 60 жылда болмаған құрғақшылықты бастан кешуде.