Африка, Азия және Таяу Шығыс елдерінде полиомиелит індетіне байланысты төтенше жағдай туындады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан, Ирак, Камерун, Нигерия, Пәкістан, Сирия, Сомали, Экваториялық Гвинея, Эфиопия елдерінде полиомиелит індеті пайда болуына бойланысты ДДСҰ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңыздағы төтенше жағдай деп жариялады.
Бұл туралы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
ДДСҰ ақпаратынша, 2014 жылдың қаңтарынан сәуірге дейін әлемде полиовирус жұқтыруының кем дегенде 3 халықаралық жағдайы Азияда (Пәкістаннан Ауғанстанға), Таяу Шығыста (Сириядан Иракқа) және Орталық Африкада (Камеруннан Экваториялық Гвинеяға) тіркелген.
ДДСҰ жоғарыда аталған 10 елдің үкіметіне полиомиелит «ұлттық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай» екенін хабарлауға ұсыныс жасады.
Полиомиелитті өзге елдерге жұқтырған Пәкістан, Камерун және Сирия елдерінің үкіметтеріне ДДСҰ азаматтарға және елге 4 аптадан артық уақытқа келген адамдарға полиомиелитке қарсы екпе жасауы бойынша шаралар қабылдауын ұсынды.
2013 жылы 1-типтегі поливируспен қоздырылған полиомиелит жағдайы Кенияда тіркелген болатын.
ДДСҰ бұл елдерге баратын саяхатшыларға жолға шығар алдында екпе жасатуға кеңес берді. Мұндай ұсыныстар тізімдегі өзге 7 елге баруды жоспарлап отырғандарға да жасалды.
Аталған аумақтардағы полиомиелитке шалдығу қаупі жоғары болғандықтан ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитеті бұл елдерге сапарға баруды көздеген Қазақстан азаматтарына жеке гигиеналық шараларды сақтауға шақырады. Аталған инфекцияға қарсы екпе жасатпаған балалардың бұл дертті жұқтыру қаупі өте жоғары екеніне баса назар аударған жөн.
ҚР ИЖТМ туризм индустриясы комитеті туристік операторлар мен туристік агенттіктерге ауруды жұқтыру қаупі бар елдерге шыққалы жатқан туристерге бұл туралы толыққанды ақпарат беруді ұсынды.