Африка елдерімен ынтымақты дамыту - Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі - Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Африка елдермен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі. Бұл туралы Ақордада Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Президент Сассу-Нгессо мырзаға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қадірлі қонақтарға елімізге қош келдіңіздер дегім келеді. Бұл сапар екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жол ашады. Құрлықаралық байланысты одан ары нығайтуға ықпал етеді. Біз бірқатар маңызды мәселеге қатысты келіссөз жүргіздік. Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Қазір халықаралық саясатта және әлем экономикасында Африка мемлекеттерінің рөлі артып келеді. Бұл елдермен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Конго бір-бірінен алыс жатқанын атап өтті.
«Соған қарамастан тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Конго Республикасының өзара тиімді ықпалдастыққа деген ниетін қолдаймыз. Биыл Астана мен Браззавиль арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл толды. Осы кезеңде достық пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынасымыз нығая түсті. Оны тың қарқынмен нығайтуға мүмкіндік бар. Президент мырзамен осы мәселені талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға ықпал етеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.