Африка ұлттар кубогы: Мохамед Салах Египет құрамасын жеңілістен құтқарды
Футболдан Африка ұлттар кубогының екінші ойын күні аяқталды, деп хабарлайды Kazinform.
А тобында сынға түсіп жатқан Нигерия құрамасы алғашқы турда Экваториалды Гвинеямен ұпай бөлісті. Есеп 1:1.
Ойын барысында нигериялық футболшылар тізгінді өз қолында ұстады. Соған қарамастан Экваториалды Гвинея ойыншысы Ибан 36-минутта есеп ашып кетті. Оған нигериялық Виктор Осимхен 38-минутта бір голмен жауап қайырды.
Айта кетсек, аталған топта 13 қаңтарда Кот-д’Ивуар құрамасы Гвинея-Бисау 2:0 есебімен жеңген.
Бұл топта екінші турда 18 қаңтарда Кот-д’Ивуар мен Нигерия, Экваториалды Гвинея мен Гвинея-Бисау ойнайды.
Ал В тобында Мохамед Салах секілді әлем футболының жұлдызы ойнайтын Египет құрамасы Мозамбикпен жасыл алаңға шықты.
Кездесуде египеттік Мұстафа Мохамед небәрі 2-минутта есеп ашты. Одан олар өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Бұл голдарды мозамбиктік Вити 55, Клесио Бук 58-минутта өздерінің еншісіне жазды.
Мохамед Салах 95-минутта пенальтиді мүлт жібермей, өз құрамасын жеңілістен құтқарды.
Осылайша кездесуде құрамалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ бүгін аталған топта Гана мен Кабо-Верде кездеседі.
Енді египеттік футболшылар 19 қаңтарда Ганамен кездессе, Мозамбик 19 қаңтарда Кабо-Верде құрамасымен жасыл алаңға шығады.
Ойындар 13 қаңтар мен 11 ақпан аралығында Кот-д’Ивуардың Абиджан, Корото, Сан-Педро, Буаке, Ямусукро секілді 5 қаласында орналасқан 6 стадионда өтеді.