Африкада Қазақстан азаматтары мен дипломаттарының Эбола вирусына шалдығу деректері жоқ - ҚР СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Африкада Қазақстан азаматтары мен дипломаттарының Эбола вирусына шалдығу деректері тіркелмеді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына орай ҚР Сыртқы істер министрлігінен хабарлады.
Сыртқы ведомствоның ақпаратына қарағанда, Қазақстанның қара құрлықтағы дипломатиялық өкілдіктері Мысыр мен Оңтүстік Африка Республикасында орналасқан.
«Мысыр мен ОАР Эбола безгегі тіркелген елдерден біршама шалғайда орналасқан. Белгілі болып отырғандай, Эбола вирусы безгекке шалдыққан адаммен тікелей қарым-қатынаста болған кезде ғана жұғады. Біздің мәліметтерімізше, бүгінгі таңда Мысырда да, ОАР-да да Эбола вирусына шалдығу дерегі тіркелген жоқ», - делінген министрліктің хабарламасында. Сонымен қатар, СІМ Эбола безгегі тараған елдерде қанша қазақстандықтың бар екендігі жайында ақпараттың жоқтығын мәлім етті. «ҚР Конституциясына сәйкес біздің азаматтардың еркін жүріп-тұруға құқы бар. ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелге шыққан азаматтарды тіркемейді. Қазіргі уақытта шетелде Эбола вирусын жұқтырған ҚР азаматтары жайында ақпарат министрлікке келіп түскен жоқ», - делінген министрліктің ҚазАқпараттың ресми сауалына орай берген жауабында.