Африкаға пандемия зардаптарын жеңу үшін 1,2 трлн доллар қажет – ХВҚ
ПРЕТОРИЯ. ҚазАқпарат – Африка елдеріне құрлықтың экономикасын 2023 жылдың соңына дейін жаңа коронавирус пандемиясы келтірген залалдан қалпына келтіру үшін 1,2 триллион АҚШ доллары қажет. Бұл туралы сенбіде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат News24 жергілікті жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
«Африка келесі кезеңге төтеп беруі үшін оны қолдау керек, оның мәні – қазіргі дағдарыстан шығу», - деп мәлімдеді ХВҚ басқарушы директоры.
Георгиеваның айтуынша, халықаралық институттар мен жекелеген мемлекеттердің Африкаға қаржылай көмек көрсету жөніндегі міндеттемелері қажетті соманың 25%-ына да жетпейді.
ХВҚ бағалауы бойынша биыл Африка мемлекеттерінің жалпы ЖІӨ 2,5%-ға қысқарады. Бұл құрлықтың қазіргі тарихындағы ең нашар құлдырау көрсеткішінің бірі болмақ, дейді сарапшылар.
Қазіргі уақытта Африкада жаңа коронавирус жұқтырғандардың саны 1 548 867 адамға жетті, олардың 37 388-і қайтыс болды.