Африкалық Рог аймағындағы 12 миллионнан астам халық ауыз су мен азық-түлікке мұқтаж
ЮССЕЛЬ. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Соңғы 60 жылдағы ең қатты құрғақшылық Африкалық Рог өңіріндегі гуманитарлық жағдайды күрт төмендетіп,
соның салдарынан Сомали, Эфиопия, Эритрея мен Джибутидағы 12 миллионан астам халық ауыз су мен азық-түлікке өте мұқтаж болып отыр.
Африка одағының ағымдағы жылдың 25 тамызына Аддис-Абеба қаласына шақырып отырған Африкалық Рог аймағындағы жағдайға байланысты жарналар жариялау жөніндегі конференция қарсаңында Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон халықаралық қоғамдастықты осындай қадам жасауға шақыра отырып, Еуроодақ тарапынан көмектің артылатындығын мәлім етті.
Кэтрин Эштонның атап өткеніндей, Еуроодақ өзінің гуманитарлық міндеттемесін 97 миллион еуродан 158 миллион еуроға арттырады. Сонымен қатар Еуроодаққа мүше жекелеген елдер 2011 жыл бойы 440 миллион еуро жинайды, бұл қаражат азық-түлік, денсаулық сақтау, сумен қамтамасыз ету және кәріздік жүйе жүргізу жұмыстарына бағытталатын болады.