AFSA жұртшылыққа ACLB Management Company Limited компаниясы туралы ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM - «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) ACLB Management Company Limited компаниясының реттеу мәртебесін түсіндірді.

ACLB Management Company Limited «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген. Алайда ол қаржылық қызметтер ұсынуға AFSA-дан лицензия алмаған және АХҚО шегінде немесе одан тыс қаржылық жарнамалық әрекеттерді жүзеге асыруға уәкілетті емес.
Компания Proportunity Management Company Limited компаниясымен байланысты proportunity.kz платформасы арқылы қаржылық қызметтерді ұсынуға келісім жасайтыны AFSA-ға мәлім болды.
Бұл ретте аталған компаниялардың ешқайсысында тиісті лицензиялары жоқ.
- AFSA сақтық танытуды және ACLB Management Company Limited компаниясы Proportunity Management Company Limited компаниясының қатысуымен немесе өзі дербес ұсынатын қаржылық қызметтер мен өнімдерге қатысты шарт жасасудан бас тартуды ұсынады, - делінген хабарламада.
AFSA жұртшылықты AFSA лицензия берген және/немесе тіркеген заңды тұлғалар туралы ақпарат қамтылған Жария тізіліммен танысуға шақырады.
Бұл заңды тұлға ұсынатын қаржылық қызметтерді немесе өнімдерді пайдаланбас бұрын оның тиісті лицензиясы бар екеніне көз жеткізу үшін өте маңызды қадам.