Ағылшын құқығы мен цифрлық активтер: АХҚО инвесторларды несімен қызықтырады
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қалыптасқан құқықтық орта мен цифрлық активтерді дамытуға жасалған жағдай шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығын арттырып отыр.
Бұл туралы Astana Finance Days 2026 аясында Janus Henderson Investors компаниясының Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия бойынша өңірлік басшысы Мишал Джабер ӘлФарас айтты.
Оның айтуынша, шетелдік компаниялар үшін АХҚО-ның басты артықшылықтарының бірі – мұнда ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген дербес құқықтық жүйенің болуы.
– Мұндағы қызмет АХҚО-ның ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген тәуелсіз заңнамасы аясында реттеледі. Меніңше, Қазақстанға инвесторларды тартып отырған негізгі себептердің бірі де осы, - деді Мишал ӘлФарас.
Ол АХҚО-да жаңа технологиялар мен цифрлық активтерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Оның сөзінше, қазір бұл бағыт халықаралық инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.
– АХҚО бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып жатыр. Цифрлық платформа белсенді дамып, Innovation Hub құрылды. Соның арқасында осы салада жұмыс істеу әлдеқайда қолжетімді әрі жүйелі бола түсті, - деді ол.
Мишал ӘлФарас Astana Finance Days форумына екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Ол биыл форумның ауқымы кеңейгенін байқаған.
Оның пікірінше, Қазақстанның қаржы нарығы дами түскен сайын халықаралық компаниялардың АХҚО-да өз өкілдігін ашуға қызығушылығы да арта береді.
Janus Henderson Investors – активтерді басқаратын халықаралық компания. Қазір компанияның басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 500 млрд доллардан асады. Компания акциялар, облигациялар және бизнесті тікелей несиелеу бағытында жұмыс істейді.
Спикердің айтуынша, компания Қазақстандағы жұмысын кеңейтіп, елге тікелей инвестиция салу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
– Біз бұл бағытқа үлкен қызығушылық танытып отырмыз. Қазір Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастықты кеңейту, мұндағы жұмысымыздың ауқымын арттыру және Қазақстанға тікелей инвестиция салу мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз, - деді Мишал ӘлФарас.
Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.