«Аграрларды отандық техника қызықтыра бастады» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудағы бірнеше нысанның жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы мұнайлы өңірдегі жұмыс сапарының алғашқы күнін «Флоусерв-Қазақстан» серіктестігінің сорғы жабдықтарын жөндейтін сервис орталығынан бастады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Мұнайлы өңірдің мол мүмкіндігі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, бұл мұнайлы өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған іргелі жобаның бірі. Жобаны іске асыру мақсатында салынған инвестициялық қаржының 2,5 млрд. теңгесі ағымдағы жылдың бірінші жартысында игерілген. Елбасының жұмыс сапары жайында толығырақ басылымнан оқып білесіздер.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанада Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин 4 мың шақырымдық жаңа оптикалық талшықты байланыс желісін іске қосты. Ол транзиттік және республикаішілік темір жол тасымалын сенімді ақпаратпен қамтиды және темір жолдың бәсекелестік әлеуетін жоғарылатуға қызмет етеді. Оптикалық талшықты байланыс желісі республика темір жолының Астана-Павлодар - Семей-Ақтоғай, Шу-Арыс (Сарыағаш арқылы Өзбекстан шекарасына шығу) - Қызылорда-Қандыағаш; Көк-Жаңаесіл (Пресногорков стансасына шығу) - Қостанай өңірлері арқылы стратегиялық желілерін басып өтеді. Барлығы төрт мың шақырымға жуықтайды. Толығырақ «Талшықты желі іске қосылды» деген тақырыптан біле аласыздар.
***
«Отандық кәсіпорындардың бойына қан жүгіре бастағаны қуантады. Соның бірі - соңғы жылдары «Беларус» тракторын жинауды қолға алған - «СемАЗ» машина құрастыру кәсіпорны. Жұмысын жолға қойып, әбден меңгеріп алған кәсіпорын іске кіріскелі бері 1500-ден астам тракторды құрастырған. Негізі, әу баста қаржы бөліп, осы жұмысқа назар аударғандағы түпкілікті мақсат орындалды. 2009 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ осы істі жүзеге асыру үшін 1,03 миллиард теңге көлемінде инвестиция бөлген. Ал жобаның жалпы құны - 1,2 миллиард теңге», - деп жазады «Айқын» газеті. Мақала «Аграрларды отандық техника қызықтыра бастады» деген тақырыппен берілген.
Көрерменнің көзайымына айналған «Екі жұлдыз» жобасының 4-ші маусымының салтанатты тұсаукесер кеші өтті. «Жұлдызды жекпе-жек» Қазақстан ұлттық телеарнасынан 24 қыркүйектен бастап, әр сенбі сайын көрсетіледі. Жобаның жаңа маусымы бұрынғыдан өзгерек болмақ. Жаңа маусым қатысушылары тек кәсіби әншілерден құралып, «Екі жұлдыз» сахнасы нағыз дүлдүлдер мен бұлбұлдардың бәйгесі өтетін алаңға айналады. Сонымен бұл бәйгеге қандай әншілердің қатысатынын білгіңіз келсе «Айқын» газетіндегі «Жұлдыздар жекпе-жегі басталады» деген мақалаға назар аударыңыз.
***
Қазақстан Кедендік одаққа кірген соң, сырттан әкелінетін автокөліктердің кедендік төлемдері қымбаттады. Қазіргі төлемнің құны бұрынғымен салыстырғанда үш есе жоғары. Жаңа төлемнің шарты бойынша бірыңғай кедендік тариф төлемдері қазіргі нарықтағы көліктердің бағасынан асып түсуде. Осындай жағдай отандастарымыздың сырттан көліктерін рәсімдеп келуіне себеп болып, көлік сатып алушылар кедендік рәсімдеуді айналып өтудің амалын тапты. Автокөліктерді көршілес Қырғызстанға барып тіркетіп, кейін елімізге айдап әкеледі. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетіндегі «Күдігі көп қырғыз көлігі» деген тақырыптағы мақалада жан-жақты баяндалған.