18:06, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
«Аграрлық несие корпорациясында» ірі қара малды жемдеуге арналған кешен құрылысын салуға үміткерлерді іріктеуге арналған комиссия отырысы болып өтті
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат – Бүгін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-да ірі қара малды жемдеуге арналған кешен құрылысын құру бағыты бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үміткерлерді іріктеуге арналған комиссия отырысы болып өтті.
Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП, қоғамдық ұйымдар, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро ұлттық холдингі» АҚ және оның еншілес компания өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Аграрлық несие корпорациясының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ірі қара малды жемдеуге арналған кешен құрылысын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мынадай үміткерлер қатысып отыр. Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы, Бауман ауылындағы «Бауман-07» ЖШС, Ақмола облысы, Астарахан ауданы, Новый Колутон ауылындағы «Острогорский» ЖШС, Қостанай облысы Қарасу ауданы, Восток ауылындағы «Қараман-К» ЖШС және Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Тимофеевка ауылындағы «Тимофеевка Агро» ЖШС. Жалпы сомасы 3 547 млн. теңге болатын несиелер жылына 6 пайыздық үстемемен 9,5 жылға берілетін болады.
Ірі қара малды жемдеуге арналған кешен құрылысын салу болашақта өз ісін дөңгелеткісі келетін кәсіпорындарға әлемдік стандарттарға сай ет өндірумен бірге жаңа жұмыс орындарын әрі елдің ішкі нарығында ірі тауарлы заманауи ет өндірісін ашуға да мүмкіндік береді.