«Агробизнес-2020» бағдарламасын қаржыландыру жеткіліксіз болып отыр - АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясындағы құралдарды қаржыландыру жеткіліксіз болып отыр. Бұл туралы Парламент Сенатында «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - заңнамалық реттеу және іс жүзіне асыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, экономиканың аграрлық секторында шешілмеген проблемалар әлі де аз емес. Бұл ретте ведомство басшысы саланың бәсекеге қабілеттілік деңгейі уақыт талаптарына толықтай сәйкес келе бермейтінін айтты.
«Қалыптасып отырған жағдай себептерінің бірі «Агробизнес-2020» бағдарламасының құралдарын жеткіліксіз қаржыландыру болып табылады. Мәселен, 2013 жылы жеткіліксіз қаржыландыру қөлемі 26 млрд. теңгені (14,13%), 2014 жылы 110 млрд. теңгені (35,4%), 2015 жылы 115 млрд. теңгені (34,4%) құраған. Ал 2016 жылы бұл 127 млрд. теңгені (36,8%), 2017 жылы 175,0 млрд. теңгені (45,7%) құрайтын болады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі салыстырмалы түрде төмен болып отыр. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 167,1 млрд. теңгені құрады. Бұл өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемінен 23 есеге және көлік пен қоймалауға салынған инвестициялардан 7 есеге төмен», -деді А. Мамытбеков.