«Агробизнес-2020» бағдарламасына 3 трлн. теңге жұмсау көзделеді

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Агроөнеркәсіп кешенінің Іскерлік кеңесінде жауапты хатшы Евгений Аман мәлім етті.
«Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің мүмкіндіктерін зерделей келе, біз төрт негізгі бағытты айқындадық. Бұлар қаржылық сауықтыру, оларға тауарлар мен қызметтің қолжетімділігін арттыру, АӨК субъектілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін дамыту, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру», - дейді Е. Аман. Оның айтуынша, аталған қаражаттың 75 пайызы тауарлардың, жұмыс пен қызметтің экономикалық қол жетімділігіне, 14 пайызы агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қамтамасыз етуге, 10 пайызы қаржылық сауықтыруға бағытталады.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешендеріне қарастырылатын мемлекеттік субсидиялар 2020 жылға қарай 4,5 есеге артып, осы бағытта қаржылық сауықтыруға 300 миллиард теңге жұмсау жоспарланады.
Жалпы алғанда «Агробизнес-2020» бағдарламасы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдаудың 6 қаржылық тетігін енгізуді қарастырады. Бұлар: займдарға кепілдік беру және сақтандыру, инвестициялық субсидиялау, несие мен лизингі бойынша сыйақылық мөлшерлемені субсидиялау, қаржылық сауықтыру, екінші деңгейдегі банктерді қорландыру.
Бұдан бөлек, фитосанитарлық, ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар әзірленеді. Бағдарламаны іске асыру ауыл шаруашылығы өнімдерін 1,5 есеге арттыруға, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмыс тиімділігін 3 есеге арттыруға септігін тигізбек.