Агроөнеркәсіп кешендері нысандарын қаржылық сауықтыру жұмыстары жалғасады - депутат Ұласбек Сәдібеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіптік кешенге 2020 жылға дейін 3 трлн. теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Ұласбек Сәдібеков мәлім етті.

Агроөнеркәсіп кешендері нысандарын қаржылық сауықтыру жұмыстары жалғасады - депутат Ұласбек Сәдібеков

«Мемлекет аграрлық саланың қаншалықты маңызды екенін түсініп, оны қаржыландырудың қарқыны мен мөлшерін сақтап, қолдау шараларын атқарып келеді. Атап айтсақ, агроөнеркәсіптік кешенді 2013-2020 жылдары дамытуға байланысты «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін осы салаға 3 трлн. теңгеге дейін қаражат жұмсау көзделіп отыр», - деп тоқталды депутат.

Оның сөзіне қарағанда, агроөнеркәсіп субъектілерін мемлекеттік қолдау саясатына сәйкес, агроөнеркәсіп кешендері нысандарын қаржылық сауықтыру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл бағытта зор мүдделіліктің бар екені ескеріліп, оның көлемі 500 млрд. теңгеге дейін жеткізіледі.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл қадам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнім өндіру қарқынын күшейтуге, агротұтынушылар нарығында, соның ішінде тұтынушылар саны 170 млн. адамды құрайтын Бірыңғай экономикалық кеңістікпен, яғни Ресей, Беларусь, Армения және кешелекте Қырғызстанда өзіндік орын алуға жаңа мүмкіндіктер береді», - деді Ұ. Сәдібеков.