Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аса маңызды – Сенат депутаты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту аса маңызды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аса маңызды – Сенат депутаты

«Мемлекет басшысы Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұл – өте маңызды сала, себебі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету агроөнеркәсіп кешенін дамытумен тікелей байланысты.

Президент мына мәселелерге назар аудартты.

Олардың біріншісі, жеке-қосалқы шаруашылықты дамыту мәселесі. Еліміздің ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі бөлігі жеке шаруашылықтарда өндіріледі. Олардың мал шаруашылығындағы үлесі 70 пайызды, кейбір жеміс-жидек түрлерін өсірудегі үлесі 90 пайызды құрайды. Еліміздегі азық-түлік мәселесін шешу үшін осы шаруашылықтардың әлеуетін дұрыс пайдалану керек», - деді сенатор.

Сондай-ақ, ол Президент ауыл шаруашылық кооперативтерін құру туралы мәселеге тоқталғанын жеткізді.

«Алдағы уақытта жеке шаруашылықтардың басын қосып, ірілендіріп, кооперативтер құру арқылы мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдауды алуға мүмкіндік бар. Бұл жағдайда субсидияға қолжетімділік өседі. Міне осы бағытта да үлкен жұмыстар атқарылуы керек.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу, тасымалдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде бұл бағытта бірыңғай желі қалыптастыру аса маңызды. Оның арқасында өндірілген өнімді тұтынушыға дейін жеткізудің тетіктері нақтыланатын болады. Осы желінің құрамындағы барлық қатысушылардың нормативтік-құқықтық мәселелері шешіліп, бір жүйеге келуі шарт. Осылайша біздің ауылдардағы шағын жеке шаруашылықтардың өнімі біздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуімізге жұмыс істейді», - дейді Дүйсенғазы Мусин.

Дептутат Мемлекет басшысы ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер мәселесіне көңіл бөлгені туралы айтты.

«Жер шетелдіктерге сатылмайтыны тағы бір мәрте нақты айтылды. Келер жылы Жер кодексінің кейбір мәселелері бойынша мораторий уақыты аяқталады. Осыған орай Үкіметке ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді нарықтық айналымға енгізу әдіс-тәсілдерін қарастыру тапсырылды. Бұл да өңірлердегі кездесулерімізде азаматтардың көтеріп жүрген өзекті мәселелерінің бірі.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы кадр мәселесі көтерілді. Өңірлердегі кездесулерімізде ветеринария мамандарының жеткіліксіздігі, олардың еңбекақысының төмендігі айтылып жүр. Біздің ойымызша осы орайда малшылардың да мәртебесін көтеру туралы ойлануымыз керек. Оларға әлеуметтік пакет қарастыру маңызды. Бұл бойынша Үкімет басшысына да депутаттық сауал жолдағанбыз.

Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының мәселелері жеткілікті. Олардың бірқатарын Президент халыққа Жолдауында жария етті. Ендігі біздің міндетіміз – осы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін сапалы заңдар қабылдау», - деп толықтырды.