Агроөнеркәсіп кешеніндегі проблемаларды шешудің бір жолы - аграрлық ғылымды дамыту - А. Күрішбаев
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланып қалған проблемаларды шешудің бір жолы - аграрлық ғылымды дамыту. Бұл туралы бүгін Астанада өткен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аграрлық ғылым басталған жұмысты жалғастыра отырып, шетелдік технологияларды трансферттеу, өндіріске ғылыми әзірленімдерді енгізу және аграрлық кадрларды оқыту үдерісінің белсенді қатысушысы болуы тиіс. Бұл үшін келесі жылдан бастап ғалымдарға ақы төлеу жүйесі өзгеретін болады. Өндіріске өсімдіктің сортын және малдың тұқымдарын енгізгені үшін сыйақы төлеу жолымен ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер ғылымдық қаржыландыруға тікелей қатысатын болады.
Сонымен қатар министр салада қордаланып қалған өзекті проблемалардың бірі ретінде аграрлық секторға арналған кадрлар мен мамандардың жетіспеушілігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елімізде жоғарғы және орта арнайы білімді 10 мыңға жуық және 30 мыңдай бұқаралық кадрлар жетіспейді. Мұндағы басты мәселе кадрларды дайындаудағы мемлекет пен жеке меншік әріптестігін дамыту қажеттілігіне мамандарды және ауылды жерлерге мамандарды тартудағы ынталандырудың нақты тетіктерінің жоқтығына келіп тіреледі.
«Аталмыш проблеманы шешу үшін ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуға бағытталған арнайы шаралар кешенін әзірлеп, жүзеге асыру қажет», деді министр.