Агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру қалай жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат – Бүгін Үкімет отырысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру бағыты туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру қалай жүргізіліп жатыр

«Бәйтерек» холдингі биылғы 10 айында АӨК саласын 393 млрд теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз етті. Оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге бағытталды, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу 132 млрд теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар, ауылды жерлерде 60 млрд теңге сомасына микрокредит берілді, қаржы институттарын (КС және МҚҰ) қорландыру жүйесі арқылы АӨК саласы 65 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Тікелей кредит беру шамамен 31 млрд теңгені құрады. Мұнымен қоса, АӨК-тегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 35 млрд теңге бағытталды», - деді Айдар Әріпханов.

Оның айтуынша, Аграрлық несие корпорациясы (АНК), Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) және Қазына Капитал Менеджмент (ҚКМ) АӨК-тегі инвестициялық жобаларды қаржыландырады. Ағымдағы жылдың соңына дейін 33 млрд теңге сомасына тағы 19 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл іске асыруды жоспарлаған 285 инвестициялық жобаның ішінен 69 жобаның бастамашылары Холдингтің еншілес компанияларына жүгінді, сұратылған қаржыландыру сомасы 63 млрд теңгені құрады. Аталған жобалардың ішінен Холдингтің еншілес компаниялары 67 жобаны қаржыландырды және 2 жоба мақұлдау сатысында», - деді басқарма төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл агроөнеркәсіп кешеніндегі жол карталары аясында 263 млрд теңге сомасына 285 жобаны іске асыру жоспарланған.