Агроөнеркәсіп саласы бойынша экспортқа бағдарланған сегіз бағыт айқындалды
p; Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Агроөнеркәсіп саласы бойынша экспортқа бағдарланған сегіз бағыт айқындалды. Бүгін Парламент Сенатында «Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру міндеттері және бюджет қаражаттарын тиімді пайдалануды арттыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Үкімет тарапынан Агроөнеркәсіп кешенінің барлық 65 секторына талдау жасалып, белгіленді. Осының нәтижесінде алдағы бесжылдық бойынша негізгі 8 бағыт таңдалып алынды. Бұл бағыттар тек мемлекеттік аумақта ғана емес, экспорттық бағдарлануы бойынша да дамудың басым перспективасына ие. Атап айтқанда бұлар, біріншіден - астық және оның терең өңделген өнімдерін экспортқа бағыттау, екіншіден - ет және оның өнімдерін өндіріп экспорттау, үшіншіден - сүт және сүт өнімдерін, төртіншіден - май өнімдерін шығару, бесіншіден - құс шаруашылығын арттыру, алтыншыдан - көкөніс және жеміс-жидек саласын дамыту, жетіншіден - ақ қант және қант қызылшасын өндіру, сегізіншіден жұқа тері өңдеуді арттыру болып табылады», деді Ө. Шөкеев.
Вице-премьердің айтуынша, Үкімет алдағы бесжылдықта Агроөнеркәсіп кешенін дамыту шеңберінде осы 8 бағытқа басымдықпен қарайтын болады.