Агроөнеркәсіптік кешен мәселелеріне арналған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Аталған құжат бойынша 12 заңнамалық актіге агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізу көзделеді. Сонымен қатар, құжатты әзірлеуге Елбасының Жолдауындағы тапсырмаларын орындау негіз болған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «жеке инвестициялардың аграрлық өндіріске тәуекелін төмендету үшін заемдарды кепілдендіру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін енгізу» туралы тапсырма жүктеген болатын.
Сонымен қатар, заң жобасында инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешен субъектілері шығыстарының бір бөлігін өтеу қарастырылады. Осы арқылы олар жаңа өндіріс қуатын құрған кезде немесе қолданыстағысын жаңғырту барысында өздерінің шығыстарын ішінара жаба алады. Мемлекеттік қолдаудың осы бағыты аграрлық секторға инвестицияны арттыруға, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарын дамытуға оң ықпал етеді.
Депутаттардың айтуынша, заң жобасымен қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау қарастырылып отыр. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алынатын шикізаттың кейбір түрлерін ғана субсидиялау көзделеді. Атап айтқанда, қант қызылшасы мен сүтті сатып алуға басымдық берілмек. Өйткені, мұндай шикізат түрлері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саналып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасымен ветеринарлық-санитарлық қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты қатайту ұсынылады. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа шаралары да қарастырылады. Депутаттардың айтуынша, заң жобасы Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жағдайында ауыл шаруашылығы кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.